Алматы облысының қарттары Құрылтай сайлауына белсенді қатысты
Құрылтай сайлауында Алматы облысының қазыналы қарттары маңызды сәттен қалыс қалмай, дауыс беруге келді. Олардың қатарында соғыс ардагерлері, еңбек адамдары, ұстаздар, белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мүшелері де бар. Ардагерлердің бірі учаскеге келіп дауыс берсе, бірқатарына үйде таңдай жасау мүмкіндігі жасалды.
Соғыс ардагерлері
Бүгінгі Құрылтай сайлауында дауыс берген Федор Ковалев, Алим Кебиров, Солтанбай Жарықбасов сынды соғыс ардагерлерін ерекше атап өткен жөн. Жастық шағын майдан даласында өткізіп, елдің бейбіт болашағы үшін күрескен ардагер Федор Мельянович үшін Отан тағдыры әрдайым маңызды. Бүгінде жасы ұлғайса да, ел өміріне белсенді араласып, азаматтық борышын орындауы – ерекше құрметке лайық. Ал Ұйғыр ауданының тұрғыны Алим Кебиров биыл 103 жасқа толды. Ардагерге дауыс беру мүмкіндігі үйінде ұйымдастырылып, сайлау комиссиясының мүшелері арнайы барып, азаматтық құқығын жүзеге асыруына жағдай жасады. Еңбекшіқазақ ауданындағы №187 сайлау учаскесінде 102 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері, ауданның Құрметті азаматы Солтанбай Жарықбасов та сайлауға қатысты. «Еліміздің тыныштығы мен бірлігі әрдайым қымбат. Бүгін ел үшін маңызды сайлауға қатысып, өз таңдауымды жасап жатырмын», – деді ардагер.
Ғасыр жасаған ана
104 жастағы тыл ардагері Күлпара Шортанова өз таңдауын Кеген ауданындағы Ұзынбұлақ ауылында жасады. Ғасыр куәсі болған Күлпара әжемен оның 86 жастағы ұлы Марат, 51 жастағы немересі Олжас, 26 жастағы немересі Бейбіт және 19 жастағы шөбересі Бақтияр бірге келді.
Еңбек ардагері – тұңғыш әйел-механизатор
«Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, Паша Ангелина атындағы Бүкілодақтық байқаудың жүлдегері, тұңғыш әйел-механизатор Күлбара Башебаева Райымбек ауданындағы учаскелердің бірінде дауыс берді. Ол бүгінгі таңдаудың нәтижесі ел ертеңіне тікелей әсер ететінін атап өтті.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының 30 мүшесі бірге келіп, дауыс берді
Шонжы ауылындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының 30-ға жуық мүшесі скандинавиялық жүріске арналған таяқтарын ұстап, Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысу үшін учаскелерге барды. Орталықтағы қарттар жас ұлғайған сайын қоғамдық өмірден шет қалудың қажеті жоқ екенін айтады. Олар күнделікті дене шынықтырып, жиі бас қосып, аудандық іс-шаралардан қалыс қалмайды. Ал сайлау күні жастарға азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсетті.
Ардагер ұстаздың ақ батасы
Райымбек ауданының Құрметті азаматы, Ыбырай Алтынсарин атындағы медальдің иегері, аудандық аналар кеңесінің төрайымы, ардагер ұстаз, Балжан Омарова Құрылтай сайлауында дауыс беріп, ел өміріне қатысты маңызды қоғамдық бастамада өз таңдауын жасап, ақ батасын берді. Өмірінің елеулі бөлігін білім беру саласына арнаған ардагер ұстаз үшін ел болашағы мен өскелең ұрпақтың келешегі қашанда басты құндылықтардың бірі. Бүгінде аудандық аналар кеңесін басқара отырып, ол отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұрпақ тәрбиесі, қоғамдық келісім мен азаматтық жауапкершілікті арттыру бағытында белсенді қызмет атқарып келеді.
Осылайша, Алматы облысының ардагерлері ел болашағы үшін жауапты күнде қалыс қалмай, жас ұрпаққа Отанға деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісін паш етті.






